АРДАГЕР ҰСТАЗДАР САЙЫСЫ
Сырдария ауданындағы Бесарық ауылында «Ұстаз ұлағаты – ұрпаққа өнеге» атты байқау болды. Сайысқа ауданға қарасты 6 елді мекеннен ардагер ұстаздар қатысты. Бесарық ауылындағы іс-шараға облыстың әр ауданынан ардагерлер шақыртылған. Меймандарға алдымен қолөнер мен сурет көрмесі таныстырылды. Одан соң әннен шашу шашылды. Ардагер ұстаздар арасындағы сайыс төрт кезеңнен тұрды: алдымен қатысушылар үй тапсырмасы бойынша бейнеролик көрсетіп, тәрбиенің мәнін ашуға ұмтылды. Әрі қарай «Ырым-тыйым», «Кино-тайм», «Өнерлі өрге жүзер» атты бөлімдерде ұлттық дәстүрді ұлықтап,өнерлерін ортаға салды.Қызығы сол, қатысушылар бұл байқауға балалары мен немерелерін жұмылдырған. Құдды отбасылық сайыс дерсің. ГҮЛБАР ӘБІЛОВА – АУДАНДЫҚ БІЛІМ САЛАСЫ АРДАГЕРЛЕРІ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ Үй тапсырмасы, ырым-тыйым, қай кезеңді алып қарасаңыз да, бәрі бала тәрбиесіне қатысты. Бұл байқаудың мақсаты – аға буын мен жас ұрпақ арасындағы байланысты нығайту, ұлттық дәстүрді сақтау және дамыту. Көрермен ретінде әр ауданнан 4-5 ардагер келіп отыр. Көптің көңілінен шыққан қызықты кезеңнің бірі – «Кино-тайм». Бұл кезеңде қатысушылар кино үзінділерін қазіргі күнмен байланыстыра отырып, тәрбиенің мәнін ашуға тырысты. ФЕРУЗА МИЯНОВА – ҚАТЫСУШЫ Тәрбиелік мәні жоғары, кейінгі жас ұрпаққа өнеге беретін өте керемет шара болды. Біраз уақыт дайындалдық, өз өнерімізді көрсетуге тырыстық. Бір-екі ай бұрын келген келінім де жарысқа жақсы атсалысты. БАНУША ЗАРИПОВА – ҚАТЫСУШЫ Мен өзімнің қызым және екі немереммен келіп отырмын. Сайыс өте жақсы өтіп жатыр. Қызым «Өнерлі өрге жүзер» кезеңінде өлең айтты. «Кино-тайм» деген жаңашылдық көп екен. Ұйымдастырушылар барлығын жан-жақты қамтыған. МАРИЯ ОРМАНОВА – ЕҢБЕК АРДАГЕРІ Бұл күн – ардагерлердің отбасындағы және қоғамдағы орнын айшықтайтын ерекше күн. Біз бұл жерде өнерден мәнерлеп оқуды да, күй тартуды да көрдік. Жалпы, бұл ұлттық құндылықтардың керемет көрініс тапқан күні болды. Еңбек барысында кешегі күнгі мықты ұстаздар болса, бүгінгі күні ардагерлер үлкен тәрбиенің нұрын жан-жаққа шашып отырған негізгі тұлғалар. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Бесарықтың ардагер ұстазы Қалимаш Аппақова жеңіп алды. ҚАЛИМАШ АППАҚОВА – БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ Осы іс-шараға қатысу үшін отбасымызбен бірге бірнеше күннен бері дайындалып, біраз тер төктік. Ардагер болғандықтан, жауапкершілік жоғары болды. Немерелерім қолдап, барлығымыз жақсы нәтиже көрсеттік. Бас жүлдені алдық, өте қуаныштымын. Отбасыма бірлік пен ынтымақ тілеймін. Осындай қызықшылықты ардагерлер көре берсін. Жүлделі бірінші орынды Шіркейлі ауылының ардагері Бануша Зарипова иеленсе, екінші орын Амангелді ауылының ұстазы Феруза Миянова мен Қоғалыкөлдік Мұрат Бегеновке бұйырды. Ал үшінші орынды Айдарлының ардагер ұстазы Шолпан Иманова мен шағандық Бақыт Ұсманова еншіледі. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/