Ауылдағы Амал мерекесі
Араздасқан достасып, салқындықпен қоштасатын амал мерекесінің маңыздылығын қала іргесіндегі Абай ауылының тұрғындары да жыл өткен сайын сезініп, кейінгі ұрпаққа тәлімін түсіндіріп келеді. Бүгін де көптен бері көріспеген ағайын құшақ жая көрісіп, арқа-жарқа болып жатыр. ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ / /Қонақжай қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрлі мерекесі – көрісу күні. Яғни, адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышатын шағы. Ағайын мен туыс арасы бекіп, ізгі тілекпен қауышып, төс қағысатын мерейлі мезет. Сондай-ақ, бұл күні қыстан аман шыққан төрт түлік көкке мойын созып, аққа аузы тиген жұрт шүкір етеді. Абайша айтсақ, «қырдағы ел мен ойдағы ел араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, қауышатын» наурызнаманың алғашқы күні.// Ел тағдыры талқыға түскен қиын шақтарда да ұмытылмай, бүгінге дейін жеткен Амал мерекесін Абай ауылының тұрғындары ерекше ықыласпен күтеді. Жайдары көңілмен төс қағыстырып, мал-жанның амандығын сұрасады. Дәстүр бойынша көрші-көлем жыл сайын әр шаңырақ басында бас қосып, бір-біріне ақ тілегін арнайды. Қыстың ызғары қайтып, тоң жібіп, төрт түліктің аузы көкке жеткенде көрші-қолаң жиналып, наурыз көжені осылай бірігіп дайындайды. Сонда көже дәмді болады дейді. Қызығы сол, көршілердің бірі сары майдай сақтаған қазысы мен сүр етін, енді бірі тары-күрішін әкеліп, ортақ қазанға салды. ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ // Ал, қазан оттан түспей, уыз қатырылып, сорпа сапырылып, мол дастархан жайылатын Ұлыстың ұлы күнін наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Түрлі дәруменге толы көжеге көпшілік бидай қосады. Ал, мұнда тұрғындар бидайдың орнына күрішті пайдаланады. Ол түсінікті де. Өйткені, гектарлап күріш егетін және одан мол өнім жинайтын ауыл тұрғындары үшін ақ маржан ерекше қастерлі.// Күріш – сабағынан дәні мәуелеп, төгіліп тұратын құтты, ырысты өсімдік. Осыған орай, өскін мол болсын деген тілек тілейді жұртшылық. Және бір тамырдан өсіп-өнген күріштей ұрпағымыз көп болсын деп ырымдайды. Наурыз – ағайынды бауырмалдыққа, көрші-қолаңды татулыққа шақыратын береке-бірліктің мерекесі. Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен бір шаңырақ астында ауызашарда бас қосып, бір-біріне ақ тілегін арнаған жұртшылық наурыз көжеден дәм татып, несібеміз ортаймасын десті. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylorda_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/