Жаңбыр жауса, төбемнен су ағады...
«Жаңбыр жауса, төбемнен су ағады». Бұл ақын Қайнар Алагөзовтың әкесіз өскен тағдырына налып жазған жыр жолдары. Ал облыс орталығында бүтін бір көпқабатты үйдің тұрғындары жаңбыр сіркірегеннен жандарын шүберекке түйіп отыруға мәжбүр. Бірақ, әкесіз тағдырға налығаннан емес, жөндеу жұмысын дұрыс жүргізбеген мердігер мекеменің шалалығынан. Ақмешіт мөлтек ауданында орналасқан №18-ші көпқабатты тұрғын үйге өткен жылы жаңғырту жұмыстары жүргізіліпті. Алайда басталған тірлік аяқсыз қалып жұртшылық жапа шегіп отыр. Төбесінен су өткен тұрғындар талабын тілшіміз тыңдап қайтты. Биыл көктем жылдағыға қарағанда жаңбырлы. Бұл тұрғын үйінің төбесі сөгілген жұртшылық үшін оңай соқпай отыр. 104 пәтерлік көпқабатты үйге өткен жылы жаңғырту жұмыстары басталған. Бірақ мердігер мекеме істі созабалаңға салып, ақыры аяқсыз қалды, дейді тұрғындар. Бесінші қабаттағы бірқатар пәтердің төбесінен су сорғалап тұр. Тіпті, қабырғалары сыз тартып, төмендегі тұрғындардың да тынышын қашырған. АЙГЕРІМ БАЙСЕЙІТОВА – ТҰРҒЫН // Бесінші этаждан бастап бірінші этажға дейін полный су алып тұр. Балконнан су кетіп тұр. Суағар қойылмаған. Смета бойынша ешқандай жұмыс жасалмай тұр. Енді қазір бізде бір-ақ жыл гарантия қалып тұр ғой. Жұмыс аяғына дейін аяқталмаған. Енді біз бұл кісіні таппай жатырмыз. Біз құзырлы органдарға да арыз жаздық, прокуратура арыз жаздық, ешқандай еш жақтан жауап жоқ/ Бұл үй осыдан 40 жыл бұрын салынған. Сондықтан тұрғындар қымбат болса да, жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді жөн көріпті. Алайда таңдап тапқанымыздың тірлігі тиянақты болмады, деп күпініп отыр көпшілік. Пәтер иелерінің айтуынша, осыған дейін тұрғын үйдің төбесінен дәл бұлай су сорғаламапты. Енді жұртшылық бүтіндеп береміз деп бүлдіріп кеткен мердігерді таппай дал. САЛТАНАТ КӨБЕНҚЫЗЫ – ТҰРҒЫН // Хабарластық, телефонға біріншіден жауап бермейді. Одан соң желіге шықсақ, түрлі сылтау айтып, бізден қашады. Үйіне барсақ, үлкен-үлкен биік қоршаулар қойып қойған. Үйіне мүлде жолатпайды. Яғни бұл деген біздің ойымызша, жауапкершіліктен қашып отыр.../ Тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары «Қызылорда тазалығы» мекемесі арқылы рәсімделген. Тапсырыс беруші тарап тірлік толыққанды аяқталмай қабылдау актісіне қол қоймайтындарын ашық айтты. МҰХТАР ӘБДІРАХМАНОВ – «ҚЫЗЫЛОРДА ТАЗАЛЫҒЫ» КММ БАС МАМАНЫ // Мердігер мекемеге тапсырыс беруші «Қызылорда тазалығы» тарапынан ескертулер берілді және де қосымша қатынас хаттар жіберіліп жатыр. Яғни, кешіктірілуіне байланысты біздің тараптан өсімпұлы жүргізіліп жатыр қазіргі таңда. Мердігер мекеме бізге толықтай жұмысын аяқтап, қабылдау актісімен тапсырған жоқ/ Ал, мердігер мекеме басшысы отбасы жағдайына байланысты біршама уақыт шетелде болдым, дейді. Бірақ, ел аманатына қиянат жасамай, бастаған істі бірер аптада аяқтауға уәде беріп отыр. ЕРЛАН АБИЕВ – «СТРОЙИНЖИНИРИНГ ЛТД» ЖШС ДИРЕКТОРЫ // Отбасылық жағдаймен Қазақстанда болған жоқпын. Осы 1-2 күн болды Қазақстанға келгеніме. Жағдайды естіп бүгін азанымен бардым. Тұрғын үйдің жетекшісі бар, сол екеуміз бәрін аралап көрдік. Енді құдай қаласа кемшіліктерді 10-15 күнде орнына келтіреміз/ Осылайша мердігер мекеме басшысы жоспарлы жұмысты аяқсыз қалдырмауға серттесті. Бірақ үйлерінің ішіне жаңбыр жауған тұрғындар тағы да құрғақ уәдемен құр қаламыз ба деп алаңдап отыр. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/