Кім айтты тылда тірлік оңай болды деп?!
Екіншідүниежүзілік соғыста жеңіске жетуде тылдағы тынымсыз тірліктің ролі зор болды. Бала біткен ересектермен иық тірестіре еңбек етті, қариялар бүкіл қайратын жиып, жанпидалықпен жұмыс жасады. Ас-ауқаты - атала, киімі жұпыны-жамау боп жүрген жас буынның күллі арманы – жеңіс еді. Сенесіздер ме, сол соғыс жылдарында бала біткен кәмпиттің қағазын бүгінгі құнды қағаз – қымбат акциядай аялап ұстап, сақтап жүріпті. Естелік дестесін ақтарған әріптесімнің бейнесюжеті. Әмина Әуесбайқызы Қаратал жерінде туылған, қазір ол елді мекен Карталы деп аталып, Ресейдің Челябинск аймағына қарайды. Бүгінде тоқсанның төріне шыққан кейуана 30 жылдардың басында дүниеге келген. Бұл кісі де болмаған балалық шақтың кейіпкері. Отағасы майданға шақырылған шақта анасы үш қызбен қалған. Осылайша балдәурен деп дәріптейтін балалық шағы масақ терумен, майдандағы жауынгерлерге шұлық, қолғап тоқумен, госпитальдағы күнделікті жарақат таңу-байлау үшін қолданатын дәкелерді жуумен өткен. Қаршадай қыз госпитальдағы жарақаты ауыр жандардың отбасына хат жазуға көмектесіп, жауынгерлерге рух көтерер шығармалар оқып беріп, ашқұрсақ жүрсе де қолдан келген көмегін көрсеткен. 1942 жылы бұл шаңырақтың үміт шамын сөндірген қара қағаз келді, әкесі Ржев түбінде оққа ұшқан. Ештеңе де мәңгілік емес, соғыс оты сөніп, жеңіс туы желбіреді. Кекілді қыз мұғалім мамандығын таңдап, оқыды. Кейін әскери азаматқа тұрмысқа шықты. Дүниеге үш перзент әкелді. Жұмыс бабымен Сыр жеріне тұрақтады. Әмина апай 40 жылдан астам ұстаздық етті. Тағдыр қосқан қосағымен 60 жылдан астам уақыт бақыт шамын жақты. Өсіп-өнді, өнегелі шаңыраққа айналды. Иә, тылдағы тіршілік оңай болған жоқ, “Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!” деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары болды. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалығын қажырлықпен көтеріп, шынайы патриотизмнің үлгісін танытты. Солардың бірі - біздің кейіпкеріміз Әмина Ержанова. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/