Мерейтой иесіне құрмет
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Өтеубай Қожақұлы 70 жаста. Осыған орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде салтанатты жиын өтіп, мерейтой иесіне құрмет көрсетілді. Өтеубай Қожақұлы Сыр өңірінен шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының докторы. Қазалы топырағында дүниеге келген ол 1980 жылы Гурьев-Атырау педагогикалық институтын «тарих және қоғамтану» мамандығы бойынша бітіреді. Жолдамамен туған жерге жіберіліп, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына қызметке орналасады. Ал, 1985 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда Университетінде абыройлы еңбек етіп жүр. Белгілі ғалым өзінің ғылыми - педагогикалық қызмет жолында биік белестерді бағындырды. Атап айтсақ, «Сырдария облысының әлеуметтік – экономикалық дамуы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, доцент ғылыми атағын алды. Ал, 2006 жылы «Қазақ-қоқан қарым-қатынастар» монографиясын жариялады. Өтеубай Қожақұлы 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Өтеубай Қожақұлының тағы бір қасиеті – еңбекқорлығы. Ол елімізден бөлек Мәскеу, Петербург, Орынбор, Омбы, Өзбекстан республикасы орталық мемлекеттік мұрағаттарында сақталған құнды тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізді. Мерекелік басқосуда Өтеубай Қожақұлына облыстың Құрмет грамотасы табысталды. Жиында сөз алған әріптестері мен шәкірттері зерделі зерттеуші туралы ой, пікірлерін ортаға салды. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/