Саналы ұрпақ - болашақ кепілі
Саналы ұрпақ – болашақ кепілі. Облыс орталығында осындай тақырыппен республикалық форум өтті. Жиынға еліміздің Парламент сенаты мен Мәжіліс депутаттары және түрлі сала көшбасшылары қатысты. Ұрпақ тәрбиесін ұлықтаған жиын турасында тілшіміз сабақтайды. Саналы ұрпақ - ел ертеңінің кепілі. Бұған дау жоқ. Алайда қазіргідей ақпарат дәуірінде танымы бекімеген буынды «тәйт» деп тұсап ұстау мүмкін емес. Өскелең ұрпақтың табаны бүрсіз, жанары нұрсыз болмас үшін енді не естемек керек? Сыр төріндегі жиында көпшілік осы сауалға жауап іздеді. Форумда сөз алған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет басшысының өзі бұл мәселеге алаңдаулы екенін жеткізіп, тәрбие тірегін теңселтіп алмауды қаперге салды. НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ /Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұқбатында «Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын» деп, жастар арасындағы зиянды әдеттерге айрықша тоқталып өтті/ Өткен жылы өңірде 66 кәмелетке толмаған жас қылмыс жасаған. Сондай-ақ, 350 жеткіншек бұзақылығы үшін мектепішілік есепке алыныпты. Шыны керек, қазақы танымға салып, бұл тізімге енбей қалғаны қаншама. Бірақ, мәселе тіпті терең. Сол оң-солын танымай желпінген жастар ауыр қылмысқа да барып жатыр. Мәселен, былтыр 5 бала қатарластарының қолынан қаза тапса, қылмыс жасаған 4 бұзақы бас бостандығынан айырылған. НҰРБОЛАТ ДҮЙСЕНБАЕВ – ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ /2760-02:50 Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық қоғамда өзекті проблемалардың бірі және үнемі халықтың наразылығын туғызатынын білесіздер/ Өңірде құқық бұзушылықты алдын алуға соңғы 3 жылда бюджеттен 8 млрд теңгеден астам қаржы жұсалған. Алайда, бұдан түйіткілдің түйіні тарқай қойған жоқ. Қайта, жең түрген сайын «жел» үдеп барады. Осы орайда облыстық прокуратураның бастамасымен осылай талқы алаңы жиі ұйымдастырылып келеді. Бұл жолғы форумға белгілі боксшы Ермахан Ибраимов, дінтанушы Нұрлан Асанов және танымал режиссер Рүстем Омаров арнайы шақыртылған. Жиында олар ұрпақ тәрбиесі туралы орамды ойларымен бөлісіп, тың бастаманың маңызына тоқталды. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» деген болатын. Расында, ұрпақ тәрбиесі қай қоғамда болмасын өте өзекті мәселе. Осы орайда аймақта танымдық талқы алаңының тұрақты түрде өткені құп, дейді форумға қатысушылар. Жиында болашақ ұрпақтың саналы азамат ретінде қалыптасуына тұтас қоғам жауапты екені айтылды. Ал, форум соңында ортақ мүдде жолында жаңашыл жобаларды жүзеге асырып жүрген бірқатар азаматқа құрмет көрсетілді. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylorda_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/