Спорт саласы коррупциядан аулақ болсын десек...
Облыстық қоғамдық кеңестің құқықтық комиссиясы мен өңірлік антикор облыстың дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы мен оған қарасты мекемелердің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелерін саралады. Облыстың спорт саласына соңғы 5 жылда өңірлік бюджеттен 58,5 млрд теңге, республикалық бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлініпті. Қарап отырсаңыз, ауқымды қаржы, бұл жерде мақсат – жастардың саламатты өмір салтына басымдық беру мен спортшылар қатарын көбейту болатын. Дейтұрғанмен әттең-ай дегізетін деректер бар. Мәселен, кейбір спорт мектептерінің есепшілері бюджеттің ақшасын жымқырған, бүгінгі таңда 42 млн теңге қолды болғанын анықтапты антикор. УЕФА рейтингінде 375 орындағы, еліміздің премьер-лигасында да айтулы нәтижеге қол жеткізе алмаған «Қайсар» футбол клубының шығыны да шашетектен дейді антикор басшысының бірінші орынбасары А.Ашықов. Футбол клубының еңбекақы, сыйақы төлеуі белгіленген лимиттен асып түскен. Бұдан бөлек, кредиторлық және дебиторлық берешектері көбейген. Бүгінде «Қайсарда» 8 легионер доп теуіп жүр. Жалпы облыстың спорт саласында оқу-жаттығу жиындарға бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану, еңбекақы лимитін сақтамау, жаттықтырушылардың жалған дипломмен жұмыс атқаруы, спорт мектептеріндегі балалардың ас мәзіріне бөлінген ақшаның мардымсыздығы және тағы басқа да бірталай фактілері анықталғаны белгілі болды. Жалпы спорт саласындағы коррупцияны жою бойынша 17 ұсыным енгізілді. Бұл бағыттағы іс-шаралар әрі қарай да антикор және қоғамдық кеңес мүшелерімен жалғасын табады. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/