СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ҰСЫНЫЛДЫ
Елімізде тіршілік нәрін тиімді пайдалану мақсатында заманауи тәсілдер қолданылмақ. Ол үшін фермелердің су үнемдеу техологияларын сатып алу шығынының 80 пайызы субсидияланады. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайлов Үкімет отырысында айтты. Жиында су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қабылданды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, тұжырымдама бойынша елдегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңадан 20 су қоймасы салынып, қолданыстағы 15-іне реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр. Бұл жұмыстар су шығынын төмендетіп, қолда бар су ресурстарының көлемін ұлғайтуға сеп болмақ. Сондай-ақ, су арналарын цифрландыру және суару жүйелерінің есебін автоматтандыру көзделіп отыр. Үкімет басшысы фермелердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсаған шығынының 80 пайызын өтеп беру жоспарланғанын жеткізді. Бұл арқылы суармалы жерлердің көлемі 1,3 млн гектарға дейін ұлғайып, 2,1 текше км су үнемделеді. Әлихан Смайылов бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жауапты министрлікке 1 ай мерзімде отандық су үнемдеу жабдықтарының өндірісін ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Селекторлық жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады. Сыр өңірінде соңғы жылдары су тапшылығына байланысты егін шаруашылығын әртараптандыруға басымдық берілуде. Биыл күріш көлемі 5 мың гектарға қысқарады. Бүгінде күріш алқаптарының тең жартысы лазер арқылы тегістелген. Озық технология арқылы тегістелген жер суды 15 пайызға дейін үемдеуге мүмкіндік береді дейді аймақ басшысы НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Суды пайдалану тиімділігін арттыру үшін облыстың егіс көлемінің 60 пайызын суландыратын «Сол жаға» магистралды каналына суды бөлу және есепке алуды автоматтандыруды бастадық. Бүгінде австралиялық рубикон компаниясының тәжірибесін енгізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Су үнемдеу технологиялары көкеніс, бақша, картоп, мал азығын және жүгері дақылдарын егуге де пайдалануда. Бұл бағытта биылдан бастап 5 жобаны жүзеге асырамыз. Жобалар толық қуатына жеткенде 9 мың гектарды қамтитын болады. Оның ішінде Шиелі ауданында қытайлық Бо Ян компаниясымен бірлесіп, 3 мың гектарға тамшылатып суару әдісімен жүгері өсіру жобасы басталды. 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын қолдану көлемін 50 мың гектарға дейін ұлғайтамыз. Үкімет жиынынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауаптыларға тапсырма жүктеді. Яғни, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларына «Қазсушар» мекемесінің Қызылорда филиалымен бірлесіп, Су саласын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары жобасына облыстың су шаруашылығы мәселелерін енгізуді салалық министрлікпен пысықтауды тапсырды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету, жаңа өндірістерді дамытудың, жұмыс орындарын ашудың тиімді жолдарын қарастыру жөнінде тапсырмалар берді. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ VK - https://vk.com/qyzylordatv Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/