Suivant

ТӘЖІРИБЕЛІК ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

15/10/24
QYZYLORDA TV
Dans Asie / Kazakhstan

Шиелі аудандық көпбейінді орталық аурухана базасынан үздік тәжірибелік орталық ашылды. Осылайша дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған әдістеме арқылы медициналық қызметтің сапасын жақсарту көзделіп отыр. Сондай-ақ, сала мамандарымен қатар, тұрғындардың да білімін жетілдіру жоспарда бар. Тақырыпты тілшіміз сабақтайды. Денсаулық сақтау саласына жыл сайын қыруар қаржы бөлініп, кем-кетік түгенделеді. Соңғы он жылдықта ауыл-аймақтағы медициналық нысандар едәуір жаңарды. Бірақ содан сапа өсті ме? Шыны керек, тұрғындар әлі де саланың солқылдақ тұсы көп екенін айтады. Басы ауырып, балтыры сыздаған қараша қауым әсіресе әр есікті бір қағып, сағаттап сенделгенге наразы. Жаны ауырып келгенге жылы сөзін қыймайтын мамандар да жоқ емес. Тәжірибелік орталықта осы олқылықтар ашық талданып, нақты әдістеме арқылы жұмыс істеледі. Айта кетерлігі, бұл тетік былтырдан бері еліміздегі 24 медициналық ұйымға енгізіліп, тиімділігін көрсетіп үлгерген. «Әр адам өз денсаулығына жауапты. Сақтансаң, сақтайды». Жаңа орталықтың бір бағыты осы. Яғни, сала мамандарымен қатар, былайғы жұрттың да білігін жетілдіріп, ауру-сырқаудан алыс болудың жолын нұсқайды. Бұл ретте, «Ақылмандар кеңесі», «Ақпараттық аналитика», «Отбасылық денсаулық орталығы» секілді тақырыптық бөлімдер жұмыс істемек. Аталмыш жоба аясында «Premy Health Care» ұлттық қауымдастығының қолдауымен аудандық емхананың 68 дәрігері мен 39 орта буын қызметкері біліктілігін арттырды. Реформа ретті болса, жаңашылдық жақсы-ақ. Осы ескеріліп соңғы жылдары Сыр өңірінде тың бастамалар қолға алынуда. Әсіресе, шалғай елді мекендерге шыр бітті. Былтыр 20-дан астам ауылда ашылған амбулатория осының дәлелі. Ел игілігіне бағытталған нысандар биыл да бой көтеруде. Тәжірибелік орталық аймақта алғаш рет ашылып отыр. Мамандар бұл әдістемені әлі де жетілдіре түспек. Басты меже, медициналық қызметтің сапасын сетінетпеу. Бастама нәтиже көрсетсе басқа да емдеу нысандарына осы жүйе енгізіледі. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/

Montre plus

 0 commentaires sort   Trier par


Suivant