ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛДЫ
Облыс әкімдігі аппаратында құрылымдық өзгеріс: Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен актив отырысында жаңадан 2 басқарма құрылғаны хабарланып, жауапты сала басшылары таныстырылды. Осыған дейін мәдениетпен қанаттас дамыған спорт саласы өз алдына жеке дара басқарма болып құрылды. Аймақ басшысының өкімімен облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы лауазымына Жанмұрат Сейілов тағайындалды. Жанмұрат Жақсымұратұлы еңбек жолын облыс әкімі аппаратының инспекторы ретінде бастаған. Әр жылдары балалардың құқықтарын қорғау департаментінде, ішкі саясат басқармасы мен қала әкімдігі және мәслихат аппаратында басшылық қызмет атқарды. Мұнымен қоса бірнеше бөлімге жетекшілік еткен. 2022-2023 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, ал осы қызметке тағайындалғанға дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді. Аймақ басшысы Жанмұрат Жақсымұратұлының мол тәжірибесіне тоқталып, жаңа басқарма жұмысын жетілдіреріне сенім білдірді. НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ // Түрлі басшылық лауазымдарда мол тәжірибе жинаған, мемлекеттік қызметте сатылап өсіп келе жатқан кадрдың бірі. Жанмұрат Жақсымұратұлы бұған дейін де қала әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерінде өңірде идеология, оның ішінде спорт, туризм салаларына жетекшілік жасап, нәтижелі қызмет көрсетті. Осыны ескере келе басқарма мен оның жаңа басшысының алдына өңірдегі бұқаралық спортпен айналысушылардың үлесін арттыруға бағытталған тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын/ Облыс әкімінің өкімімен бекіген келесі құрылым: жұмылдыру дайындығы басқармасы. Енді бұл құрылымға Марат Құрманбаев жетекшілік жасайды. Марат Ердәулетұлы еңбек жолын «Қызылордаводстрой» ПМК-29 тресінде жұмысшы болып бастаған. Әр жылдары осы тресте түрлі лауазымды қызметтер атқарды. 1990-2000 жылдары Жалағаш ауданының табиғат қорғау комитетінің маманы, жетекші маманы, басшысы болған. Ал, 2000-2020 жылдары Қызылорда облысының экология департаменті басшысының орынбасары, департамент басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Мұнан соң Жамбыл облысының экология департаментінің басшысы лауазымында нәтижелі жұмыс көрсеткен. 2022 жылдың маусым айынан бері Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметін атқарып келді. Жиында аймақ басшысы жаңа басқарманың маңызына тоқталып, сала жетекшісіне сенім білдіретінін жеткізді. Осылайша жаңа жылда жаңа басқармалар құрылды. Мұнымен қоса ескілерін де електен өткізу жұмысы басталып кетті. Мәселен, кешеге дейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымын атқарған Болатбек Ысмағұлов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Ал басқарма басшысы міндетін уақытша атқару оның орынбасары Усаин Медетке жүктеліп отыр. Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына да жаңа басшы тағайындалды. Енді бұл жауапты жұмыс Қайратбек Сәрсенбаевқа жүктеліп отыр. Қайратбек Әубәкірұлы өңір жұртшылығына жақсы таныс. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, түрлі қызметтік сатылардан өтті. Облыстық қаржы, жұмылдыру дайындығы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларында жемісті еңбек еткен. Сондай-ақ, Шиелі және Жалағаш аудандарының әкімі ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосты. Жиында аймақ басшысы соңғы жылдары қалыптасқан ахуалға байланысты инспекция жұмысын жетілдірудің маңызына тоқталып, Қайратбек Сәрсенбаев бұл жауапкершілік жүгін абыроймен еңсереріне сенім білдірді. Жиында жаңадан тағайындалған басқарма мен инспекция басшыларына нақты міндеттер жүктеліп, түйіткілді мәселелерді тез арада шешу тапсырылды. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ VK - https://vk.com/qyzylordatv Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/