Ұрпақ тәрбиесі – мызғымас міндет
Өңірде балалар арасында ауыр қылмыс азаймай отыр. Жыл басынан бері топтық төбелес пен әлімжеттік салдарынан 3 оқушы ажал құшты. Осыған орай барлық аудан орталығында кеңейтілген жиын өтуде. Кезекті кеңес Қазалы ауданында ұйымдастырылып, маңызды мәселе ашық талқыланды. Өткен жылы Қазалы ауданында оқушылар арасында кикілжің көп орын алды. Топтық төбелеске бой алдырған жасөспірімдерді жүгендеу оңайға соққан жоқ. Ауданға аймақ басшысынан бастап, министрлік өкіліне дейін келіп, дүйім жұрт дабыл қақты. Биыл ахуал біршама оңалған. Тұрақты түрде жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасында бірде-бір қылмыс дерегі тіркелмеді. Дегенмен тоқмейілсуге болмайды. Қылмыстық оқиғалар орын алмағанымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған оқушылар күрт көбейіп отыр. АЛМАТ АЛДАБЕРГЕНОВ – АУДАН ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ // Әкімшілік жауапкершіліктер бойынша, жыл басынан бері Қазалы аудандық полиция бөлімімен 167 кәмелетке толмаған балалар мен олардың ата-аналары құқық бұзушылық деректері бойынша әртүрлі баптармен оның ішінде түнгі мезгілде жүру, ойын-сауық орындарында болу секілді жауапкершілікке тартылды. Мұнан бөлек 14 бала профилактикалық есепке қойылды және 6 балаға аудандық сотпен ерекше талап қойылды/ Қадағалаушы орган өкілінің айтуынша, түн жарымда бей-берекет жүретін жастарды жүгендеу оңай болмай отыр. Тіпті оларға «тәйт», деп тәртіпке шақыра алмаған ата-аналарына да шара көріліпті. Жастар албырт шақта алып-ұшып тұр. Сондықтан мағынасыз жүрістің ақыры, орға жықпасына кім кепіл? Мәселен, осылай дер кезінде қадағалау болмағандықтан жыл басынан бері өңірде 3 оқушы мезгілсіз қаза тапты. Күн тәртібіндегі мәселе өзекті. Қазір ең жанды тұсымызға айналды. Алайда, осындай маңызды жиынның мәнін түсінбей, айналасына кедергі келтірген ұстаздарды көргенде, ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғаудың өзі ұят. МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ – АУДАН ӘКІМІ // Ішіп ұсталып жатқан, есірткі тасып жүрген сондай тәртіпсіздікпен ұсталып жатқан мұғалімдер бар. Сол айтытылп жатыр, соған қарамай бұлар кітап оқып отыр. Телефон шұқылап отыр. Осындайдан бастап осылай қарайтын болса, ертең қандай жауапкершілік болады. Залға келсек болды деп ойлай ма?! Сондықтан мектеп директорлары сіздерге барлық уақытта айтып жүрмін, залға келген адамдарыңыз болса тәртіп беріп, түсіндіріп алып келіңіздер. Олай болмаса мұнда келмесін. Тәртіп алдымен мұғалімдердің өзінен басталуыц керек!/ Биыл Қазалыда 3 мұғалім әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың бірі көлік құралын масаң күйде басқарған. Ұрпаққа ұлағат ұялатар ұстаздардың өзі заңсыздыққа жол берсе, буыны бекімеген жастардан не сұрамақпыз?! Жиында осындай келеңсіздіктер ашық айтылып, ата-аналар қауымы да пікірлерін ортаға салды. Бүгінде Қазалы ауданында 16 мыңға жуық оқушы бар. Жеткіншектер енді білім ұясынан алыстап, 3 ай бойы алаңсыз демалады. Жиында оқушылардың жайлы тынығуы мен қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, ауылға аудан орталығынан қатынап жұмыс істейтін бірнеше мектеп директоры мен учаскелік полиция инспекторларына қатаң ескерту жасалды. Енді олар жұмыс істейтін елді мекенге көшіп барулары тиіс. Әйтпесе, қызметтік сұрау салынады. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/