Әуежайға барар жол кеңейеді

19/07/24
QYZYLORDA TV
Dans Asie / Kazakhstan

Жыл өткен сайын облыс орталығында халық саны көбейіп келеді. Тиісінше, автокөліктердің де қатары айтарлықтай артып отыр. Осы орайда, қалалық полиция басқармасы тарапынан нұсқамалар беріліп, көлік кептелісі туындамас үшін қалаішілік және күре жолдардың аясы кеңеюде, сәйкесінше жаңа бағдаршамдар орнатылуда. Бұл жұмыстар әуежайға барар жолдан басталып кетті. Маңызды жобаның жай-жапсарын тілшіміз тарқатады. Жуырда «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы пайдалануға берілмек. Бұл ретте әуе рейстері көбейіп, қалаға келім-кетім жолаушылардың да саны артары белгілі. Мұнымен қоса, Сырдария ауданына қарасты 6 ауыл мен қала іргесіндегі бірнеше саяжай тұрғындары облыс орталығына осы жолмен қатынап отыр. Сондай-ақ, жақын маңда халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан. Онда келіп қызмет алатын азаматтардың қатары қалың. Бір сөзбен, барыс-келіс көбейгендіктен бұл жолдың аясын кеңейту кезек күттірмес мәселе-тін. Ал, маңызды шаруа дер кезінде қолға алынып отыр. СЕРІК ҚОЖАНИЯЗОВ – ҚАЛА ӘКІМІ /00:28 Бұрын 2 жолақты еді. Мұның ұзындығы 13,5 км. Ені 9 метр болатын. Енді оны 15 метрге кеңейтейін деп жатырмыз.../ Жол аясын кеңейту көптің талабы. Алайда осыған дейін жиекке егілген талдар жолға тым жақын орналасқан. Мердігер мекеме жұмысшылары істің алды-артын бажайламай бірнеше талға зақым келтіріпті. Бірақ салғырт әрекет әкімдік тарапыннан дер кезінде тоқтатылып, жол құрылысын жүргізуші мекеменің маманына шара көрілді. Осы тұста айта кетерлігі, бұл мәселе алдын ала ойластырылып жиекке арық қазылып, ерте көктемде 2 мыңға жуық қаламша егілген. Қазір көп жылдық тал көшеттері күтіп-бапталуда. Жұртшылықтың мәселе көтеруіне түрткі болған жол жиегінде осы ағаштар. Бас-аяғы 22 түп. Олардың басым бөлігі қурап тұр. Ал, жарамдыларын арнайы арнайы техника көмегімен басқа аумаққа отырғызу жұмыстары басталып кетті. Жалпы, биыл аймақта жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Басқасын былай қойғанда, облыс орталығы және оған қарасты кенттер, ауылдар мен шет аймақтарда 206 көшені қайта жаңғыртудан, күрделі және орташа жөндеуден өткізу межеленген. Мұнымен қоса, осылай қалаға қатынас жолдарының да аясы кеңейіп, жұртшылыққа қолайлы жағдай жасалмақ. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/

Montre plus

 0 commentaires sort   Trier par