14 ЖОБАҒА МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ БӨЛІНДІ
Биыл аймақта кәсіпкерлік бағытында 4 мыңнан аса жоба қаржыландырылған. Оның ішінде, 14 жобаға 5 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік грант бөлінді. Қайтарымсыз қаржыны әлеуметтік кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының жеңімпаздары иеленіп отыр. Орынкүл Оразбаева тігін тігуді 16 жыл бұрын бастапты. Ұлы мен келінінің мүмкіндігіне бейімдеп кәсіп ашқан ол кейіннен шағын цехты оқу-өндірістік кәсіпорынға айналдырған. Қазір мұнда 25 адам тұрақты еңбек етсе, оның 20–сы осал топ өкілдері. Әлеуметтік кәсіпкер ретінде қайтарымсыз қаржыға ие болғандардың бірі - Гүлмаржан Мұхтарқызы. Екі жыл бұрын жаңа орталық ашқан ол нейропсихология саласын зерттеген. Алдымен 20-дан астам балаға қызмет көрсететін орталық енді қызмет алушылардың санын екі есе арттырып отыр. Қала тұрғыны Жаннұр Қалдыбекқызы таза еттен жасалған эко өнімдер өндірісін отбасы үшін қолға алған. Бертін келе кәсібіне қызығушылығы артып, сұраныс та көбейе бастапты. Туыс пен таныстан ауысқан өнімге жақын маңдағы дүкеннен тапсырыс түскен. Осылайша шұжықтың 5-6 түрі мен жартылай дайын өнімдер ісін жолға қойған кәсіпкер қазір арнайы дүкен ашып, өз өнімдерін өткізуде. Мемлекеттік грант иеленгендер қатарында балаларды оңалту және емдеу орталығы да бар. Ерекшелігі сол мұнда балаларға гидрованнамен су толқындары арқылы емдік шаралар жүргізіледі. Күніне 7-8 бала тұрақты ем қабылдайды. Кәсіпкер болашақта емделушілер санын арттырсам деген ниетте. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/