АДАМ ПАПИЛЛОМАСЫ ВИРУСЫНА ҚАРСЫ ЕКПЕ ЖҰМЫСЫ
Елімізде 11 жастан асқан оқушы қыздарға папиллома вирусына қарсы вакцинация жүріп жатыр. Осылайша мамандар жасөспірімдерді жатыр мойны обырынан сақтауды көздеп отыр. Жалпы «адам папиллома вирусы» деген не»? Ол қайдан пайда болады? Вакцинациялау қаншалықты тиімді? Бұл сұрақтарға тілшіміз Гүлай Әшекова жауап іздеп көрді. ГҮЛАЙ АШЕКОВА - ТІЛШІ «Адам папиллома вирусы - әлемде ең көп таралған вирус. Оның алуан түрі бар. Қазірге дейін зерттелген штамдарының өзі 200-ден асады. Оның 14-і онкогенді ауруларды тудырады. Мамандардың айтуынша, әзірге тәжірибеде көп кездескені жатыр мойны обыры». Ал жатыр мойны обырының пайда болуы дәл осы адам папиллома вирусын жұқтырумен тікелей байланысты. Ең қорқыныштысы, бұл індет адам бойында ешқандай ауру белгілерін тудырмай дами береді. Мамандардың айтуынша, қатерлі дертке шалдыққан науқас аурудың соңғы кезеңіне дейін білмей жүре беруі әбден мүмкін. ГҮЛШАТ АТАМБАЕВА - ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ВАКЦИНАЦИЯЛАУҒА ЖАУАПТЫ МЕЙІРГЕРІ «Бұл вирус шырышты қабаттар арқылы жұғуы мүмкін. Қол алысқан кезде, бассейнге барғанда және жыныстық жолмен де берілуі мүмкін. Бұл вирусты жұқтырған кезде адамдарда еш симптомсыз болады. Оны тіпті жұқтырғанын білмеуі де мүмкін. Бізде көбіне 30 жастан жасқан кездегі скринингті тексеруден өтеді ғой. Сол кезде анықталады.. Қазіргі таңда 40-44 жастағы әйел адамдарды жатыр мойнының обыры кездесіп жатыр». Бір сөзбен айтқанда, жатыр мойны обыры —қатерлі ісік. Бұл еліміздегі әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінен кейін ең көп таралған онкологиялық ауру болып есептеледі. Елімізде жыл сайын мұндай диагнозбен 1900-ге жуық әйел тіркеліп, 600-дей әйел көз жұмады. Сондықтан қауіпті кеселдің алдын алудың бір жолы - вакцинациялау дейді мамандар. ГҮЛШАТ АТАМБАЕВА - ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ВАКЦИНАЦИЯЛАУҒА ЖАУАПТЫ МЕЙІРГЕРІ «2013 жылы Қазақстанда пилоттық негізде 4 облыста бұл вакцина жұмыстары жүргізілген. Астана, Алматы, Атырау және Павлодар облысында. Белгілі себептермен тоқтап қалды. Жалпы әлемде 2006 жылдан бері егіледі. Бұл вакцина негізі қауіпсіз вакцина. Құрамы ақуыздардан тұрады. 2013 жылғы егілген қыз балалар қазіргі таңда ата-ана атанып отыр. Бұл екпеден ешқандай қорқыныш жоқ деген сөз. Тәжірибелерге сүйенсек, бұл вакцинаны енгізгеннен кейін әлемде 90 пайызға дейін жатыр мойны обырының қатері төмендеген». Қауіпті вирусқа қарсы салынып жатқан вакцина АҚШ-тан келген. «Гардаси»л деп аталады. Сыр өңіріне 8200 дозасы жеткізілген. Оны ата-ананың рұқсатымен тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханада немесе мектепте тегін алуға болады. Ал бұл тұста халықтың пікірі сан түрлі. Бірі вакцинаны қолдаса, енді бірі қарсылық танытуда. Бәрібір вакцина артық нәрсе ғой. Керек емес ол. Мысалы екі қызым бар сол жастағы. Мен салдырмаймын. ВПЧ-ға қарсы екпе ТМД елдерінде бұрыннан қолданылады екен. 15-16 жыл болған. Біздің Қазақстанға жатыр мойныны рагының көбеюіне байланысты енді енгізіп жатыр. Көзқарасым оң. 11 жасар қызым жоқ бірақ екі қызым өсіп келе жатыр. Құдай қаласа, уақыты келгенде аламыз. Алдын алу дұрыс қой. Бірақ ол тексерілген ба. Күдіктеніп қарайсың да. Қазір көп нәрсе алдамшы ғой. Генетикаға байланысты болуы да мүмкін. 2 қызым бар. Қарсы емеспін. Жақсы екпе деген. Коронавирустың кезінде алдық қой. Салдыру керек. Аурудың алдын алған дұрыс қой. Аймағымызда екпе алу кезеңі отызыншы қыркүйекте басталды. Вакциниялау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы дозасын алғаннан кейін араға 6 ай салып екінші дозасын салу қажет. Айта кетейік, қауіпті кеселдің алдын алу шаралары әлемнің 100-ден аса елінде 15 жылдан бері қолданыста екен. Бұл қатарға Қазақстан да енді. Мұндағы мақсат – аты жаман аурудың алдын алу. Дегенмен вакцинаны егу, екпеу ата-ананың құзырында. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/