Suivant

«АЛТЫН КҮЗ - 2024»: САЛА ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

14/10/24
QYZYLORDA TV
Dans Asie / Kazakhstan

Сыр диқандары 500 мың тонна күріш жинады. Қамбаны дәнге толтырған еңбек озаттары «Алтын күз-2024» шарасында марапатталды. Айта кету керек, биыл Сыр салысы өткен жылға қарағанда 3 мың 400 гектарға аз егілді. Дегенмен тынымсыз тірліктің, мызғымас бірліктің арқасында диқандар мол өнімге қол жеткізді. Берекелі іске білек сыбана кіріскен шаруашылықтар 55 мың гектар алқапты лазерлік тегістеуден өткізді. Нәтижесінде егіске қажетті су үнемделіп, өнімділік 30 пайызға артты. НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ Осы жылы 8 млрд. 800 млн. теңгеге 250 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, машина-трактор паркі 5 пайызға жаңаланды. Оған қоса 7 млрд. теңгенің 11 инвестициялық жобасы жоспарланып, бүгінде 7 жоба жүзеге асты. Қалған 4 жоба жыл соңына дейін іске қосылады. осылайша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі артып, осы жылы 229 млрд. теңгеге жетеді. Ерте көктемнен қара күзге дейін еткен еңбектің, төккен тердің нәтижесінде мол өнім алған диқандарымызды, аймақ табиғатының көркеюіне өлшеусіз үлес қосқан орманшыларымызды құрметпен марапат төріне шығару – біз үшін үлкен мәртебе. Салтанатты шарада аймақтың әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосқан қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаевқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Мұнан бөлек ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен сала үздіктері Премьер- министрдің Алғыс хаты, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Жыл қорытындысымен өңірдің агроөнеркәсіп кешені саласында үздік жетістіктерге қол жеткізген еңбек озаттары марапатталды. Мәселен, Арал ауданы «Жақсылық» шаруа қожалығының бақташысы Беркімбай Алпысбаев «Озат бақташы» номинациясына ие болса, «Таубай» шаруа қожалығының шопаны Нұрлан Ібішев «Озат шопан» атанды. Ал, жаңақорғандық Олжас Фазылов «Озат картоп өсіруші» номинациясымен марапатталды. Ырзық-несібесін жерден жинаған диқан биыл 5 гектарға картоп дақылын егіп, әр гектарынан 280 центнерден өнім алыпты. Мерекелік жиында Қызылорда телеарнасының редакторы Дәулет Сағиттың да мерейі үстем болды. Әріптесіміз «Озат теледидар тілшісі» номинациясымен марапатталды. Еңбек озаттарының басын қосқан шарада «Ауыл шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен озат аудандар» марапатталды. Арал ауданы балық шаруашылығы саласы бойынша озат атанса, Жаңақорғанда мал басы артқан. Ал, Сырдария ауыл шаруашылығы саласына 1,4 млрд. теңге инвестиция тартып, жоғары көрсеткішке қол жеткізсе, Шиелі «Су үнемдеу технологиясын қолдану бойынша озат аудан» номинациясына ие болды. Қазалылықтар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша үздік деп танылса, Қармақшы «Егін шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» болды. «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда биылғы жылы ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген - Үздік аудан» номинациясымен Жалағаш ауданы марапатталды. Аудан диқандары 19 мың 800 гектар күріштің әр гектарынан 60,5 центнерден өнім алып, қамбаға 119,8 мың тонна күріш жинаған. Марапаттар легі мұнымен толастаған жоқ. Өңірдегі ірі шаруашылық төрағалары өздерінің үздік қызметкерлеріне жеңіл автокөліктің кілтін табыстады. Биыл өнім жақсы болды. Лидер сортын ектім. Күрішші болудың қиыншылығы бар. Таңның атуы күннің батуы күрішке қараймыз. Шаруашылықтың мінгізіп жатқан автокөлігіне рақмет айтамын. Алдағы уақытта жұмысқа деген біздің күш жігерімізді арттырады. Тағыда биік белестерден көрінеміз деп сенемін. Биылғы «Алтын күз» мерекесі аймақтың орман шаруашылығы саласының 90 жылдығымен қатар келіп отыр. Сондықтан шарада табиғат қорғаушылары да құрмет төрінен көрінді. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/

Montre plus

 0 commentaires sort   Trier par


Suivant