Suivant

Бала тәрбиесі – баршаға ортақ мәселе

24/05/24
QYZYLORDA TV
Dans Asie / Kazakhstan

Өңірде балалар арасында ауыр қылмыс азаймай отыр. Жыл басынан бері топтық төбелес пен әлімжеттік салдарынан 3 оқушы ажал құшты. Ал жақында Шиелі ауданы, Шеген Қодаманов ауылында бір шаңырақтың үміт күтіп отырған перзенті қапияда көз жұмды. Ел ертеңіне баланған жеткіншектер бұлайша бүлінуіне не себеп? Тәйт, дейтін тәртіп сақшылары неге дәрменсіз? Мемлекеттің миллиондарына тағылымдамадан өткен психологтар жұмысы қашан нәтиже бермек? Сан сауалға облыс әкімінің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте жауап іздедік. Өңірде кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған қылмыстар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда біршама азайған. Бірақ, кісі өмірін қиған ауыр қылмыстар жаға ұстатып отыр. Жыл басынан бері 3 оқушы қатарластарының қолынан қаза тапты. Күні кеше Шиеліде болған жағдай сай сүйегіңді сырқыратады. Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма қадалсын, деген ана жүрек ай-күннің аманында аңырап қалды. Ауылға егелік етер азаматтар аудан орталығынан қатынап жұмыс істесе, жастар жүгенсіз болмай қайтсін?! НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Сол ауылда тұрса, сол ауылдың жұмысымен олар етене таныс болатын еді, осы оқиғалардың алдын алуға болатын еді. Мектептің басшысы мектептегі жағдайды білмейді үстіртін қараған. Уческелік инспектордың да мүлде жұмысы болмаған. Мен бірнеше мәрте ескерткенмін аудан әкімдеріне, Шиелі ауданы әкімі сіздер неге мұндай жағдайға жол бергенсіздер. Біз нақты тапсырма бергенбіз, барлық ауылдағы басшылар сол ауылда тұру керек. Елмен бірге біте қайнасып жұмыс жасау керек. Шиелі ауданының әкіміне қатаң сөгіс береміз! Ендігі уақытта қайталанатын болса, онда мәселесін қараймыз. Мен бұған дейін де кеше жиын өткізгенмін. Сол кезде білім басқармасының басшысына тапсырма бердім, сол мектептің басшысын босатуды, білім бөлімінің басшысын босатуды Мақсұт Нұғыманұлы сізге учаскелік инспекторды қызметінен босатуды. Міндетті түрде орындалатын болсын!/ Кісі қолынан қаза тапқан оқушылардың жайы өз алдына. Өңірде жыл басынан бері 5 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Ал, былтыр осы кезеңде бір ғана суицид дерегі тіркелген-ді. Жарық жалғанда жаннан тәтті ештеңе жоқ. Ал бүгінгі буын бесіктен белі шықпай тірліктен түңілердей не көрінді дерсіз. Оқушылар арасында әлімжеттік әл бермей тұр. Дегенмен, буллингтің құрбаны бірден өз ғұмырын қия салмаса керек. Шыны керек, маңайынан теперіш көрген бала сонадайдан байқалады. Тұмсырайып жүрген оқушының қабағын жазып, сабағына септесуге тиіс психолог мамандар барлық мектепте бар. Бірақ, жауапкершілік жүгін сезіне қоятындары аз. НҰРБОЛАТ ДҮЙСЕНБАЕВ – ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ // Баланың суицидке бейімділігін апатия, оқшаулану, достармен кездесуден бас тарту, депрессия, ұйқысыздық, мазасыздық секілді белгілерден тануға болады. Мұндай жағдайды байқамау жалпы мүмкін емес. Жылда қаржы бөлініп, психологтар курстардан өтеді. Алдыңғы жылы кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу үшін 300 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Нақтысында сол алған тәжірибе жүзеге аспады. Мұғалімдер мен психологтар балалармен тығыз байланыс жасамайды/ Ал, білім саласының жетекшісі атыс-шабысты насихаттайтын бүлдіргі фильмдер мен ата-ананың жауапсыздығы балалардың озбыр әрекетіне әкеліп отыр, дейді. Бір сөзбен, әр тарап өзінікін дұрыстап әлек. Мұндай жиын осыған дейін де бірнеше мәрте өткен. Бірақ айтқан сайын түйіткілдің түйіні күрделене түсетіндей. Тіпті, жиында аймақ басшысының жанұшыра айтқан ескертпесін қалғып-мүлгіп отырып тыңдаған педагогтер де болды. Сенген серкелеріміз маңызды жиынның мәнін түсінбесе, ұрпақ ұлағатын кімге тапсырмақпыз?! Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/

Montre plus

 0 commentaires sort   Trier par


Suivant