Елдің ең ұлық мерекесі
Елімізде Республика күнінің қайта тойланғанына биыл үшінші жыл. 2022 жылы маусым айында Ұлытаудағы ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек деген болатын. Сонымен қайта жаңғырған ұлттық мереке несімен маңызды? Республика күні алғаш рет 1995 жылы мемлекеттік мереке ретінде жарияланып, 2009 жылы алынып тасталды. Ал 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен қайта енгізілді. ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ //Мен республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын! Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. // Бұл күн 1990 жылы Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануымен байланысты, яғни еліміздің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы нық қадам болды. Заңға сәйкес, ұлттық мереке ретінде елдің дамуына айтарлықтай әсер еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалар болған күн бекітіледі. Тарихи құжат қабылданған тұста ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар мен халықаралық қатынастардағы дербестік, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Сонымен бірге саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі жарияланды. Әскер жасақтап, ішкі істер органдарын құру құқығын алдық. Яғни декларацияның арқасында кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды қабылдауға қадам бастық. 1991 жылы 16 желтоқсанда – «мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заң қабылданды. Осылайша, Республика күнін тойлау үрдісі 1992 жылдан басталды. Ел егемендігіне жол ашқан атаулы датаның маңызы ерек дейді көпшілік. Осылайша қайта жаңғырған Республика күнін барша қазақстандық мемлекеттік тұрғыда маңызы бар мерейлі мереке ретінде атап өтуде. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/