ЖАРҚЫН ІСТЕРГЕ ТОЛЫ ЖЫЛ
Екі күннен соң жаңа жыл есігімізден енгелі тұр. Қоян жылын қорытындылайтын сәтке де жеттік. Өткен жылға өкпе жоқ. Өйткені, өңірде өрелі істер өркен жайды. Ендеше, жылжабар тұста аймақта атқарылған ілкімді істерді саралап көрелік. Сөз тізгіні тілшіміз Қозы Көрпеш Жасаралұлында.. ҚОЗЫ КӨРПЕШ ЖАСАРАЛҰЛЫ – ТІЛШІ: //Әне-міне дегенше, тағы бір жыл тарих қойнауына жылжып барады. Бұл жыл ел өміріне көптеген өзгеріс әкелді. Ал аймақта көптеген істің көбесі сөгіліп, тың жобалардың түндігі түрілді. Енді, соның ең негізгілерін шолып шықсақ//. Бұл жыл еліміз үшін саяси реформаға толды болды. Соның алғашқысы қаңтарда басталды. Жаңадан жұмысқа кіріскен Конституциялық сот Тұңғыш Президент – Елбасы туралы заңның күшін жойды. Сондай-ақ, қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының сайлауы өтті. Өңірдегі дауыс беру құқығына ие 147 мәслихат депутаты өз таңдауын жасады. Және бір жаңалық, мемлекет басшысының жарлығымен төменгі палата таратылып, барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды. Биыл Үкімет құрамы да біраз өзгерді. Наурыз айында ғана жаңадан жасақталған мәжіліс депутаттары пленарлық отырыста Әлихан Смайыловтың кандидатурасын мақұлдады. Сөйтіп, Әлихан Смайылов Үкімет басшысы қызметіне қайта кірісті. Одан соң министрлер кабинеті жаңа кадрлармен толықты. Осы жылы өткен саяси реформаның тағы бірі - алғаш рет елімізде 45 аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Сыр өңіріндегі саяси науқанда Шиелі және Сырдария ауданының тұрғындары өз таңдауын жасады. Саяси науқанмен қатар Сыр өңірінде серпінді жобалар жүзеге асты. Қызылорда облысы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша көш басынан түскен емес. Аймақ тайқазаны 609 млрд теңгеге жетті. Облыс бюджеті былтырғымен салыстырғанда 2,5 есеге ұлғайды. Бюджет қаржысының басым бөлігі әлеуметтік саланы әлдендіруге бағытталды. Ал «Туған жерді бірге түлетейік» үндеуі аясында аймақтың жанашыр азаматтары 37 млрд 500 млн теңгенің жобаларын іске асыруда. Осы жылы облыс көлемінде барлығы 4170 пәтерді құрайтын 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 2500-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан аса жерлестеріміз баспаналы болды. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ VK - https://vk.com/qyzylordatv Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/