ЖАС СУРЕТШІЛЕР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДА ТОП ЖАРДЫ
Қызылордалық жас суретшілер Өзбекстанда өткен «OPEN ASIA» халықаралық байқауынан жеңіспен оралды. Талантты өрендер енді Италияда болатын гранд финалға қатысады. Қылқалам мен майлы бояуды серік еткен шығармашылық иелері туралы келесі бейнематериалда. Нұрай Рүстемова Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы жанынан ашылған үйірме мүшесі. Ерекше өнерді меңгерген ол Өзбекстанда өткен байқауда «Жібек жолы» деп аталатын туындысын салыпты. Көшпелі қазақтың тарихын бейнелеген жас суретші қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, бірінші орын алды. НҰРАЙ РҮСТЕМОВА, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ Сурет салу менің ең сүйікті ісім. Мен болашағымды осы сурет өнерімен байланыстырамын.Үйірмеге қатысып жүргенімен бір жылға жуықтады. Сурет салудың қыр сырын, әдіс тәсілдерін үйреніп жатырмын. Өзбекстандағы байқауда бірінші орын алып, келесі кезеңге жолдама жеңіп алдым. Ал, Нағызхан Тілеубаев жануарлардың суретін салғанды ұнатады. Әсіресе, жылқыға жаны құмар. Кішкентайынан қылқаламды серік еткен ол байқауда жылқының бейнесін салып, екінші орынға ие болды. Айта кетейік, бұл байқауға әлемнің 14 елінен жүзден астам оқушы қатысты. Жеңімпаздар үш жас ерекшелігі бойынша анықталды. Соның ішінде қызылордалық бес суретшінің туындысы үздік деп танылып, Италияға жолдама жеңіп алды. Жеңімпаз атанған оқушылардың барлығы Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы жанынан ашылған үйірме мүшелері. Бүгінде мұнда отызға жуық бала сурет салумен айналысады. Жас қылқалам шеберлері Италияда өтетін байқауға дайындықты бастап кетті. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/