Жаңақорғанда «Адал адам» жобасы жүзеге асырылып жатыр
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жаңақорған ауданында жұмыс сапарымен болды. Аймақта жұмысын бастаған «Адал адам» рухани-мәдени орталықтарының жұмысымен танысып, аудан тұрғындарымен кездесті. Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы «Хорасан ата» мазаратында болып, кешен аумағын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Жалпы Хорасан ата кесенесіне 2005 жылдан бері қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Биыл демеушілердің көмегімен аумақ түгел абаттандырылып отыр. Мәселен бұл кешенге жылына 10 мыңға тарта адам келсе, олардың қатарында шетелдіктер де бар. Мұнан соң жұмыс сапары Түгіскен ауылында жалғасты. «Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады». Бұл Президенттің ұлттық құрылтайда айтқан сөзі. Шынында адамдықтың асыл қасиеті – адалдық. Осы ретте аймақта «Адал адам» рухани -мәдени орталықтары жұмысын бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де қазірде орталыққа келішулер қатары артып, ондағы тәрбие беру мен мәдени бағыттағы шаралардың ауқымы кеңейген. Аудан әкімдігінде зиялы қауым өкілдерімен кездескен Мәлік Нұржанұлы елдегі оң бастамаларға тоқталып, ұлттық құндылықты сақтау, тарихи тұлғалардың ерлігін дәріптеу қажеттігін ұсынды. Сондай-ақ аудан тұрғындары тіл мәселесі мен ата текті сақтау, өндіріс орындарын дамыту жайындағы пікірлерін білдіріп, өз ойларымен бөлісті. Президент кеңесшісі мұнан соң ауданда бой көтеріп жатқан Руханият орталығының құрылысын көрді. Типтік үлгідегі нысан музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар бас қосатын рухани орталыққа айналмақ. Аудандағы мешіт имамдарымен жүздескен Мәлік Отарбаев ішкі және сыртқы тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Ал аудандық мәдениет үйінде жастармен кездескен Мәлік Нұржанұлы бүгінгі буынды білім мен ғылымды меңгеру, кәсіпті үйрену арқылы елдің дамуына үлес қосуға шақырды. Кездесу барысында Мәлік Отарбаев жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер туралы ақпарат берді. Өз кезегінде жастар да ұсыныстарын ортаға салды. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/