Журналистер доп тепті
Журналистер арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті. Белгілі журналист Сағитжан Бермағамбетовты еске алуға арналған доп додасына 6 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Сағитжан Бермағамбетовты еске алуға арналған турнир биыл журналистер арасында алғаш рет өткізіліп отыр. Мақсат - жалындап өткен ғұмыр иесін еске алып, қалам ұстаған қауымның ауызбіршілігін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Турнирдің ашылу рәсімінде облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов пен Сағитжанның анасы сөз алып, спортты жанына серік еткен журналистерге сәттілік тіледі. Қарақұмның киелі топырағында туған Сағитжан небәрі 24 жасында келмес сапарға аттанды. Көзі тірісінде қалалық «Қоғам ТВ», облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында жұмыс істеп, бірнеше сараптамалық хабарларды тізгіндеді. Аймақ жаңалықтарын жариялап, от ауызды, өткір тілді, ұшқыр ойлы журналист ретінде көрермен көзайымына айналды. Сонымен қатар, облыс әкімінің баспасөз хатшысы, баспасөз орталығының жетекшісі қызметін атқарып, журналистермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді. Міне, жарыс барысында осындай естеліктер айтылып, Сағитжанның өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертілді. Енді ойынға оралсақ. Журналистер бұл жолы қаламы мен микрофонын допқа алмастырып, алаңда бір-біріне қарсылас атанды. Алты команда екі топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Бірінші топтан Қызылорда телеарнасының жігіттері мен қоғамдық даму басқармасының командасы шықса, екінші топтан меншікті тілшілер мен Сыр медиа командасы үздік атанды. Жартылай кезеңнің алғашқы ойыны Қызылорда телеарнасы мен Сыр медиа командасы арасында өтті. Тартысқа толы ойында телеарна жігіттері сырмедиалықтарға есе жіберіп қойды. Ал, меншікті тілшілер қоғамдық даму басқармасының командасын айқын басымдықпен жеңіп, ақтық кезеңге жолдама алды. Үшінші орын үшін болған ойында Қызылорда телеарнасының жігіттері жігерлік танытып қоғамдық даму басқармасының аяқдопшыларын жүлдесіз қалдырды. Сонымен, финалда меншікті тілшілер мен Сыр медиа командасы. Ә дегеннен допқа иелік еткен меншікті тілшілер алғаш болып есеп ашты. Қызыққа толы матчта меншікті тілшілер командасы чемпион атанды. Ал, Сер медиа екінші, Қызылорда телеарнасы үшінші орынға ие болды. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/