ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Аймағымызда 15 қазаннан бастап жылу беру маусымы басталды. Ал қауіпсіздік шаралары жылу беру маусымы аяқталғанша жалғасады дейді мамандар. Жыл басынан бері облыс бойынша өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында 1 134 нысан тексерістен өткен. Сонымен қатар төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері тұрғын үйлердегі оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мұнан бөлек «Өрт қауіпсіздігі айлығы», «Қауіпсіз газ баллон», «Таза түтін моржасы», «Жатақхана» секілді акциялар ұйымдастырып, тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтау және газ қондырғыларын пайдалану кезіндегі сақтық шараларына мұқият болуды ескертеді. Былтыр облыс көлеміндегі тұрғын үй секторларында 91 өрт оқиғасы тіркеліп, 4 адам қаза тапты. Ал табиғи газдан 3 адам уланып, ажал құшты. Мамандар қайғылы оқиғалар орын алмас үшін сақтық шараларын барынша сақтап, тұрғын үйде қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтауды сұрайды. АРМАН ДАСТЕНОВ - ОБЛЫСТЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Жылу беру маусымына дайындық кезеңінің басталуына орай облыстағы әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы және мүгедектігі бар 5 463 тұрғын үй тізімі нақтыланды. Оларға 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Әлеуметтік осал топтардан бөлек, 10 414 тұрғын үй секторын аралау арқылы 34 728 тұрғынға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 160 дана көмірқышқыл газын анықтайтын датчик сатып алынып, 116 данасы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға орнатылды. Бүгінгі таңда 484 дана датчик сатып алу үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылу беру маусымы аяқталғанға дейін профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жалғасатын болады». Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/