«КІТАП - AMANAT» орталығында жаңа туындының тұсауы кесілді
Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітованың жаңа кітабы жарыққа шықты. «Шешім» деп аталатын туындының тұсаукесер рәсімі «Amanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Кітап - AMANAT» орталығында өтті. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деген болатын. Аманат партиясы осы орайда Президент бастамасын қолдап, «Кітап - AMANAT» жобасын қолға алды. Рухани орталықта жергілікті ақын, жазушылардың шығармалары көпшілік назарына ұсынылып, оқырманға таныстырылады. Міне, «Кітап - AMANAT» орталығы тағы бір туындымен толықты. Қаршыға Құрмашқызының «Шешім» атты кітабы төрт бөлімнен тұрады. Бірінші «Қолтаңба» бөлімінде автор туралы елімізге белгілі тұлғалардың пікірлері мен өмір дерегі жазылған. Ал, қалған бөлімдерде қаламгердің мақалалары мен ой толғаныстары топтастырылған. «Шешім» - Қаршыға Есімсейітованың жетінші авторлық кітабы. Бұған дейін қаламгердің «Аңсаған атамекенім», «Қарлығаш», «Ұмытпа мені», «Менің әлемім» атты жыр жинақтары мен «Таусылмайтын жол», «Боз даланың үні» атты прозалық кітаптары жарық көрген болатын. Жаңа жинақтың тұсаукесер рәсіміне партияның облыстық филиалы жанындағы ұлттық руханият пен мәдениетті қолдау жөніндегі «Мирас» аймақтық кеңесінің төрағасы Баймырза Қожамберлиев пен Сыр өңірінің ақын, жазушылары қатысып, Қаршыға Құрмашқызы туралы ой пікірлерін ортаға салды. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/