Мүгедектікті азайтуға мүмкіндік беретін жаңа модель енгізілмек
Елімізде келер жылдан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын бағалаудың жаңа моделі енгізілмек. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті. Жалпы мүгедектікті төмендетуге мүмкіндік беретін негізгі үдеріс - оңалту болып табылады. Оңалту шаралары қаншалықты уақтылы жүргізілсе, адам да соншалықты жылдам сауығады. Алайда соңғы 5 жылда ересек тұрғындардың мүгедектік құрылымы өзгеріссіз қалған. Бірінші орында қан айналымы жүйесінің аурулары, екінші орында – қатерлі ісіктер, ал үшінші орында – психикалық аурулар тұр. Ал, 7-18 жастағы жеткіншектер арасында жүйке жүйесі аурулары көбейген. Қазір мүмкіндігі шектеулі балалар саны 203 мыңнан асады. Осыған сәйкес, келер жылдан бастап созылмалы жұқпалы емес аурулардың асқынуларын ерте анықтау және алдын алу бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын бағалаудың жаңа моделі енгізіледі. Бұл мүгедектікті азайтуға мүмкіндік береді, дейді министр. Бүгінде елімізде мүгедектігі бар 732 мың адам есепте тұрады, олардың 57%-ы еңбекке қабілетті жаста. Алайда тек 39%-ы жұмыспен қамтылған. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/