Suivant

Республикалық оқушылар айтысы

16/04/24
QYZYLORDA TV
Dans Asie / Kazakhstan

Сыр өңірінде дәстүрлі «Көктем нұры» республикалық оқушылар айтысы өтті. Осымен сегізінші мәрте ұйымдастырылған өнер додасына еліміздің алты аймағынан 10 ақын қатысып, сөз қағыстырды. Айта кетейік, «Толқын тербеткен тау тұлға» атты ақындар айтысы Қазақстанның Халық Жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған. Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ руханиятының абызы, әлем әдебиетінің классигі, шебер суреткер. Айдынды өлкенің тумасы өмірінің соңына дейін теңіз жайлы толғанды. Биікке қалам сермеп, баға жеткен құнды дүниелерді өмірге әкелді. Міне, аламанға шыққан жас ақындар тақырыпқа арқау болған тау тұлға туралы сөз қозғады. Айтыстың түпкі мақсаты да осы. Заманының заңғар жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өлмес мұрасын, өшпес даңқын насихаттау, өскелең ұрпақ санасына сіңіру. Тағы бір ерекшелігі, Сыр өңіріндегі сөз барымтасына еліміздің солтүстік өңірлерінен де талантты өрендер шақыртылған. Еліміздің алты өңірінен келген 10 ақын бес жұпқа бөлініп, сөз қағыстырды. Орамды ой, астарлы сөз, ұтымды әзіл, қағытпа қалжың айтып көрермен қошеметіне бөленді. Нәтижесінде Ақмола облысының үкілеген үміті Сәттібек Серікболатұлы бас жүлдені жеңіп алса, Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің мүшесі Салтанат Жаппасбай бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар, Оралдық ақын Бекзат Баян «Сүре айтыстың Сұржекейі – Серік Өтеуов» атты арнайы жүлдеге ие болса, «Тап берме сөздің тапқыры – Серік Ыдырысов» жүлдесін Өскемен қаласынан келген талантты жас Данияр Оралғазы иеленді. Мұнан бөлек аламанда үзеңгі қағыстырған ақындарға Бекұзақ Тәңірбергенов, Махамбетқали Тұрсанов, Кенжебай Жүсіпов атындағы арнайы жүлделер табысталды. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/

Montre plus

 0 commentaires sort   Trier par


Suivant