Сазды ауылында мешіт ашылды
Арал ауданының Сазды елді мекенінде мешіт ашылды. Ол туған жерін түлетуді көздеген атымтай азаматтардың демеушілігімен салынған. Айтулы сәтке орай ауыл орталығында ас беріліп, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. «Сазды» Арал теңізінің ежелгі етегінде орналасқан шағын ауыл. Мұндағы тұрғындар төрт түлігін түлетіп қоңырқай тіршілік кешіп отыр. Елді мекенде осыған дейін жұртшылық жайнамазға бас қояр құлшылық үйі болмапты. Енді ел азаматтарының атсалысуымен ауыл төрінен еңселі мешіт бой көтеріп, жұртшылықтың көптен күткен тілеуі орындалды. Жаңа мешітке еңбек озаты Жұбай Байдәулетовтың аты берілді. Құлшылық үйі 1500 адамға шақталған. Ауласы да кең. Мұнда түрлі діни рәсімдер өткізіп, ас жоралғы жасауға болады. Мешіттің ашылу салтанына орай көршілес Ақтөбе облысы мен еліміздің бірқатар аймағынан меймандар келіп, рухани бастамаға қолдау көрсетті. Жиында сауапты іске демеушілік көрсеткен атымтай азаматтарға алғыс айтылып, ауыл жұртына ас берілді. СӘДУАҚАС БӘЙЕТОВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ /Бұл мешіт 2 жыл бұрын басталған болатын. Халықтан керекті сома жиналмаған соң,Жұбай атаның немересі әжілге осы мешітке сенің нағашы атаңның атын берейік деген ой салған болатынбыз. Солай Әділ ендеше атын беретін болсаңыздар осы мешітті мен аяғына дейін салып берейін деген ойға келді. Солай бүгін міне кең мешіттің ашылу салтанаты өтіп жатыр/ Мейманасы тасыған жұрттың мерейлі мезеті кешке де жалғасты. Айдынды өлке өнерпаздары ауыл төрінде ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/