Сыр руханияты абызынан айырылды

26/11/24
QYZYLORDA TV
Dans Asie / Kazakhstan

Қараша айында қазақ өнері қара жамылды. Сыр сүлейлерінің жыраулық дәстүрін насихаттаушы, жампоз жырау, Мәдениет қайраткері, өнертанушы Аққұлов Жұмабек Жарылқасынұлы келмес сапарға аттанды. «Аққұловтың дауысы жердің емес, Аққұловтың дауысы көктің дауысы!» Бұл белгілі ақын Иран-Ғайыптың Жұмабек жыршы туралы айтқан пайымы болатын. Жұмабек Аққұлов Сыр сүлейлерінің жыраулық дәстүрін насихаттаушы ғана емес шебер орындаушы. Ол Тасберген жыраудың «Маңырамасын» саф алтындай таза күйінде жырлап, ерекше даусымен, сазды мақамымен ел есінде қалды. Жұмабек Жарылқасынұлы 1943 жылы Жалағаш ауданындағы Жамбыл колхозында дүниеге келген. 1971 жылы Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Музыка және ән» бөлімін бітіріп, 1994 жылға дейін Жалағаш ауданында балалар музыка мектебінде оқытушы, директор, аудандық оқу бөлімінде әдіскер қызметін атқарды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы болды. Жұмабек Аққұлов- «Алтын арай» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі. Көненің күмбірін, даланың дүбірін бүгінге жеткізген Жұмабек Жарылқасынұлының жыраулық қасиеті бөлек әңгіме. Ол Сыр сүлейлерінің жыр жаһұтын жинап, бабадан балаға мирас болған текті өнерді төрге оздырды. Жұмабек Аққұлов әйгілі «Шаһнаманы» таспаға түсірген 23 жыраудың бірі. Бір ғана Тұрмағамбет мұраларын насихаттау мақсатында жыраудың 400-ден астам туындысын таспаға жаздырған. Ал, 2015 жылы Сыр өңірінің тарихында өзіндік орны бар діни ғұлама Сайыпназар Өтенұлының «Мұхаммед-Ханафия» дастанын, Найман Қожабай Тоқсанбайұлының «Барақ пен Төлен қажы» дастанын, Әбдіқайым Әбсадықұлының «Сайыпназардың Құнанбайға сапары» атты тарихи дастандарын аудио таспаға түсірді. Аққұловтың шығармалары «Қайталанбас дауыстар», «Сыр әуендері», «Сыр саңлақтары» жинақтары мен «Сыр сүлейін сұрасаң» атты музыкалық альманахқа енгізіліп, компакт дискіге түсірілді. Жыр жампозының тағы бір еңбегі «Қызылода» телеарнасымен бірлесіп «Сыр сүлейлері», «Жыр керуен» атты жілікті жобаларды жүзеге асырды. Тың бағдарламаны тізгіндеп, елге белгілі жыршы, жыраулардың туындыларын төл арнаның алтын қорына жазып алуға үлкен септігін тигізді. Міне, қазақ өнерінің соның ішінде жыраулық, жыршылық дәстүрді дәріптеуде Жұмабек Жарылқасынұлының еңбегі өлшеусіз. Саналы ғұмырында алтын емес, алғыс арқалаған, жыр жалауын желбіретіп, ұлттық өнерді, дәстүрді дәріптеген арда азаматтың жаны жәнната болғай! Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/

Montre plus

 0 commentaires sort   Trier par