Тағылымы мол тұлға

15/05/24
QYZYLORDA TV
Dans Asie / Kazakhstan

15 мамыр – тәуелсіздік тұғырындағы тұңғыш әкім, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың туған күні. Көзі тірі болғанда биыл 85 жасқа толар еді. Бүгін қабырғалы қайраткерге арналған «тағлымы мол тұлға» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Іс-шараға ұйытқы болған №12 кітапхана желісі. Сейілбек Шаухаманов ел тәуелсіздігін енді алып, күн сайын құл-дырап бара жатқан экономиканы да, жүдеп бара жатқан халықтың тұрмысын түзеу де қиын түскен кезеңде облысқа әкім болды. Өсиет сөздей болған «кадрлар бәрін шешеді» тәмсіліне пара-пар «жақсы кадр ел абыройы, оған халық сенсе, сол аумақта береке болады» деген нақылды Шаухаманов нық ұстанатын еді. Оның кадр таңдаудағы аса ұқыптылығы көптеген түйінді мәселелерді шешуге септігін тигізді. Алмағайып ауыр кезеңдерде Шаухамановтың кадрлары осы сыннан мүдірмей өтті. Жарылқасын Шәріпов, Қалқазбек Әжібеков, Самұрат Имандосов, Жақай Бодықбаев, Ибрагим Әбибуллаев, Алмагүл ¬Божанова, Қорғанбек Қайруллаев, тағысы тағы бар. Шаухаманов олардың көпшілігінің жолын ашты десе болады. Ал, олар сол сенім үдесінен шыға білді, бүгінде бәрі бүтін елдің елеулісі, қоғам қайраткері. Ғибрат ғұмыр иесіне арналған кеште үзеңгілестері естелік дестесін ақтарды. Қайталанбас тұлғаның бойында қасиет аз емес еді. Сейілбек Шаухаманов үзілгенді жалғауға, сүрінгенді қолдауға, көзінде оты барды көтермелеуге даяр тұратын, қара сөздің қадірін білетін, шешендік өнері де бір төбе, бітімгер, дипломат азамат болатын десті кешке жиналғандар. Бүгінде облыс орталығындағы білім-инновация лицейі С.Шаухаманов атында. Алдағы күндері қаланың сол жағалауындағы бір көше де қоғам қайраткерінің есімімен аталуы әбден мүмкін. Еске алар елі барда ел ағасы әркез елеулі. Арнайы ұйымдастырылған көрмеге С.Шаухамановтың жеке құжаттары, фотосуреттері, кітаптары қойылды. Көпшіліктің көз алдында Сейілбек аға Шаухаманов төрде отырған болмысымен, үлкен істің басында беретін ақ батасымен қалып қойғандай көрінеді. Иә, таулар алыстаған сайын биіктей береді. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/

Montre plus

 0 commentaires sort   Trier par