Телеарна тоғыстырған тағдырлар

27/06/24
QYZYLORDA TV
Dans Asie / Kazakhstan

Телеарна тоғыстырған тағдырлар. Облыстық «Қызылорда» телеарнасы құрылғаннан бері осы арнада еңбек еткен 13 жұп шаңырақ көтеріп үлкен өмірге қадам басты. Бүгінде олардың алды немере сүйіп, жарасымды жанұяның берік үлгісін көрсетіп отыр. Кәсіби мереке қарсаңында бір арнада жүріп, бір арманға қадам басқан жандар туралы сөз қозғауды жөн көріп отырмыз. Тақырыпты әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды. Жалғас Әлібеков пен Алтынай Молжанова телеарна табыстырған жарасымды жұптың бірі. Екеуі де аймақтың төл арнасына егемендіктің елең-алаң шағында келген. Ол тұста маман тапшы. Бірі бейнемонтажер-дизайнер ретінде бағдарламалардың көрерменге сапалы жол тартуына тер төксе, енді бірі түрлі хабарларды тізгіндеп, көгілдір экранның көркіне айналды. Теле тіршілікте әңгімелері жарасқан жастар отбасылық өмірде де жарасымды жанұя бола алатындарын жақсы түсінген. Бір арнада жүріп, бір арманға қадам басқан жандардың бүгінде шаңырақ көтергендеріне 27 жыл толып отыр. Төл арнада жүріп жұп құраған келесі кейіпкерлеріміз - Нұржан мен Гүлсім. Жігітіміз жақсы кадрдың қадірін білетін тындырымды таспагер әрі бейнемонтажер. Ал, аруымыз әрбір сәтте бағып сөйлейтін, керек кезде шағып сөйлейтін талғампаз тілші. Бір қызығы, екеуі жұмысқа ресми түрде қатар қабылданыпты. Дегенмен, Нұржан телеарнаға сәл ертерек келген. Аз-маз көрген-білгені бар. Әдепкіде ҚазГу-ді жаңа бітіріп келген балауса қызға түсірілім барысында ағалық ақылын айтып жүреді. Көп ұзамай сезімі сыр беріп, Гүлсім қызды камераның кадрынан көрі, жүрегінің жарығына жиірек түсіретінді шығарыпты. Ал, төларна тоғыстырған бұл жұп «Жаңалықтар» қызметінен қайнап шыққан жарасымды жанұя. Еламан мен Гүлфайруз телеарнаға тарыдай болып еніп, қатар жүріп, шеберліктерін шыңдады. Жұмыста бір-біріне демеу болған жастар келе-келе көңіл сөзін көзбен ұғатын хәлге жеткен. Осылайша осыдан 3 жыл бұрын отау құрып, үлкен өмірге қадам басты. Бүгінде Еламан басқа қызметте. Дейтұрғанмен, «жүрегімнің жартысын жолықтырған телеарна қашан да ыстық», дейді әріптесіміз. ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ /Біздің келесі жұп дәл қазіргі тікелей эфир тізгіншісі Лемара мен жігерлі журналист Елдос әріптесіміз. Бір ерекшелігі, бұл жұп телеарнамыздың қазақ және орыс редакцияларын құдандалы туыс қып, байланысты тіпті нығайта түсті. Биыл аймақтың басты арнасы құрылғанына - 33 жыл. Осы жылдар бедерінде төларнада еңбек еткен 13 жұп шаңырақ көтеріп, үлкен өмірге қадам басты. Қазір олардың көбі кәсіби биік өреден көрініп, Елордада еңбек етіп жүр. Осылайша «Телеарна» дейтұғын шеберханада шыңдалған жұптар мамандықтың да, адамдықтың да төрінен көрініп келеді. Қорыта айтқанда, телевизия - синтездік өнер. Жылт еткен әрбір жаңалықтың артында ондаған маманның еңбегі тұр. Кейде санаулы секунд ат басындай алтыннан бағалы. Бұл жұмыстың қызығы мен шыжығын осы қазанда қайнаған жандар ғана жақсы түсінеді. Сондықтан, телеарна тоғыстырар тағдырлар әлі де көп боларына сенеміз! Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/

Montre plus

 0 commentaires sort   Trier par