Теңіз түлеткен талант
Белгілі журналист, сатирик Нұрлан Көбегенұлы 50 жасқа толды. Журналистика саласында жүргеніне 30 жылға жуықтаған қаламгердің мерейтойы қалалық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде аталып өтті. Журналист, әдебиетші, ғалым, сатирик. Нұрлан Көбегенұлы салаға кездейсоқ келген жан емес. Зейнолла туған топырақтан түлеп, жазу өнеріне жаңаша екпінімен келген қаламгер журналистикада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған. Бірнеше басылымда бөлiм меңгерушiсі, бас редактордың орынбасары, бас редакторы қызметтерін атқарды. 2009 жылы әдеби-мәдени, тарихи-танымдық республикалық «Әлімсақ» журналын жарыққа шығарса, 2011 жылдан бастап қоғамдық-әлеуметтік, ғылыми-көпшілік «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы. Жиында сөз алғандар шығармашылық иесінің сан қырын саралады. Мазмұнды шарада «Әлімсақ» журналының 15 жылдығына орай жаңа жинақ оқырманға жол тартты. Кітапта өткеннің тереңінен тамыр тартып, ұрпақ санасына рухани байлық сіңіруді мұрат еткен мақалалар топтастырылған. Қоғамдағы қисынсыз әрекетті әдемі әзіл, қуақы қалжыңмен сын садағына ілген сатириктің туындыларын жастар театрының әртістері орындап, көптің езуіне күлкі үйірді. Шығармашылық кеште Нұрлан Көбегенұлының сөзіне жазылған әндер әуелете шырқалды. Мерейлі кеште Нұрлан Көбегенұлына облыс және қала әкімдерінің құттықтауы табысталып, сый-құрмет көрсетілді. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/