Шойын жол шыңдаған шаңырақ
Теміржолшылар династиясы. Қызылорда қаласындағы Байсағұловтар әулетінің темір жолдағы еңбек өтілі 978 жылды құрайды. Экономиканың күретамыры саналатын темір жолдағы темірдей тәртіпке бағынып, мамандығына адалдық танытып келе жатқан шаңырақта тілшіміз Асқар Тәжиевболып қайтты. Биыл зейнет жасына жеткен Бақыткүл Байсағұлова «Бауырларыммен үйден гөрі жұмыста жиі жүздесемін» деп әзілдейді. Шынында осы әулетке қатысты 12 адам қазір темір жол саласының түрлі бағытында қызмет етеді. Еңбек жолын «Қазақстан темір жол жүк тасымалы» Қызылорда бөлімшесінде бастаған Бахытгүл Орынбекқызы дәл осы ғимаратта табан аудармастан 45 жыл жұмыс істеген. 29 жастағы Бекболат Орынбеков темір жол саласында еңбек етіп келе жатқан әулеттің төртінші буыны. Еңбек өтілі 10 жылға жуықтаған. Сексеуілдегі Қоскөл учаскесінде жұмысын бастаған ол бүгінде мекеменің өндірістік бөліміне жетекшілік етеді. Шойын жолдың бойындағы барлық еңбеккерлердің жұмыс киімі, қажетті құрал-жабдықтарына жауапты. Теміржолшылар әулетінің негізін қалаушы Төремұрат Байсағұлов 1906 жылы туған. 1925 жылы Қызылорда локомотив депосына жұмыста тұрған ол жарты ғасырдан астам еңбек еткен. Үш ұлы да әке жолын қуады. Бүгінде әулеттің ақылшысы болып отырған Бұхарбай Байсағұлов үш ұлдың кенжесі. 40 жыл тепловозды тізгіндеген машинист. Темір жол саласы темірдей тәртіпті, жоғары жауапкершілікті және кәсіби міндеттерді тиянақты орындауды талап етеді. Біз көрген Байсағұловтар әулетінің әрбір мүшесі бұл қағидаларды бойына берік сіңірген. Қызмет барысында бір-біріне қол ұшын беруден гөрі, әке атын кірлетпеуге күш салады. Онысы текпен келген тәрбиеден болса керек. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/