Өнердің дарабозы
Әр рөлде ойнаған сайын көрерменге терең ой салатын театр дарабозы Ұғым Баймаханов мерейлі 50 жасқа толды. Мәдениет саласы үздігінің құрметіне Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында мерекелік кеш өтті. Оның есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Себебі ол сан-түрлі образды шебер сомдап жүрген актер. Әр қойылымға жаңа ізденіспен, жаңа көзқараспен бойлайды. Ал маңдайдан шыққан тер өтеусіз қалмайды. Ұғым Баймаханов мерейлі мерекесінде Қазақстан театр қайраткерлері Одағы төралқасының шешімімен «Дара» медалімен марапатталды. ҰҒЫМ БАЙМАХАНОВ – ҚР МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ «Өнерге шыны керек бала кезден ғашық болдым. Өйткені біздің Сұлутөбе елді-мекенінде халық театры болды. Мектеп қабырғасында жүргенде де өнерпаздардың қатарында жүрдік енді. 1995 жылы өзіміздің Қорқыт Ата атындағы университетке педагог-хореограф мамандығына түсіп, содан менің өмірдегі кәсіби жолым басталған болатын. Кейін осы театрға мүше болып келіп, басында биші болып кейін театр актері болып жұмыс жасадым». Актердің ең алғаш сахналаған рөлі - Рахымжан Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасындағы Розенберг. Одан кейін Дулат Исабековтің «Мұңлық-Зарлық» лиро-эпостық драмасындағы бас сақшы Шафхат, «Абай» пьесасындағы Оразбай секілді рөлдері де көпшіліктің көңілінен шыққан. Ал Тахауи Ахтановтың «Ант» пьесасындағы Әбілқайыр ханның рөлі Ұғым Баймахановтың табиғи талантын айқындай түсті. ТҰҢҒЫШБАЙ ЖАМАНҚҰЛОВ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ «Ұғым менің өте қатты жақсы көретін актерім. Кезінде осы театрда мен Тахауи Ахтановтың «Ант» спектаклін қойып, сондағы Әбілқайырдың рөлін тапсырғанмын. Жақсылап тұрып кейіптеп, өмір сүріп берді. Жанын салды. Сол кездегі қазақтың халқының тағдырын тарихын, ерекше бір күндерін санасынан өткерді. Сондықтан мен бұл актерді сыйлаймын. Жалпы өнерге келу де ерлік, өгейлікке тап болсаң кету де ерлік. Ал меніңше Ұғымның келгені бір ерлік және осында жүргені де ерлік». ЕРДӘУЛЕТ МӘМУОВ – Ұ. БАЙМАХАНОВТЫҢ ШӘКІРТІ «2013 жылы осы театр сахнасына келгенімде Ұғым ағайымыз сахна қозғалысынан сабақ берген. 4 жыл осы кісіден білім нәрімен сусындадық. Қазір әкеміздей, оның адамгершілігі де өмірдегі шынайылығы да бізге деген қамқорлығы сезіледі». Театр сахнасында әр актер өзінің қолтаңбасын қалдыруға талпынады. Сол жолда аянбай еңбек етіп жүрген Ұғым Баймаханов мерейлі кеште елдің шынайы ықыласына бөленді. Бұл - актерге берілген ең үлкен баға. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/