Өрісті өнер мектебі
Өнер әлемінен ақпар. Облыс орталығындағы Мүлкаман Қалауов атындағы өнер мектебінің құрылғанына биыл – 75 жыл. Осыған орай оқу ошағының шәкірттері келелі кеш ұйымдастырып, жұртшылықты рухани әсерге бөледі. Бір ерекшелігі, бұл шарадан түскен қаржы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қайырымдылық көмек ретінде жолданып отыр. Өрелі өнерпаздардың үлгілі бастамасы турасында тілшіміз сабақтайды. Мүлкаман Қалауов атындағы өнер мектебі 1948 жылы ашылған. 75 жылдың бедерінде іргелі қара шаңырақтан мыңдаған шәкірт түлеп ұшты. Бүгінде олардың көбі еліміздің әр өңірінде өнер байрағын биіктетіп, жемісті еңбек етіп жүр. Мерейтойлық кешке сол талант иелерінің дені арнайы келіпті. Сыр елі - жыр қазығы қағылған өлке. Сондықтан мәртебелі меймандарды өнер мектебінің шәкірттері жыр бастаумен күтіп алды. Бүгінде өнер мектебінде 470-тен астам жеткіншек түрлі бағыт бойынша кәсіби мамандардан дәріс алуда. Озат оқушылар республикалық және халықаралық өнер додаларынан олжалы оралып жүр. Салтанатты кеште сол талантымен танылған жас жұлдыздар өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Айта кетерлігі, бұл кештен түскен қаражат су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қайырымдылық көмек ретінде жолданып отыр. Мерейтойлық кеште өнерпаздар бастан-аяқ жанды дауыста ән шырқады. Жас таланттар ұлттық сарындағы шығармалармен қатар, әлемдік композиторлардың классикалық туындыларын нақышына келтіріп орындады. Шыңдалған шәкірттердің талабына сүйсінген мәртебелі меймандар да қалыс қалмай, сахнада күй тартып, шеберліктерімен бөлісті. Ең бастысы бұл кеште өнер мектебінен түлеп ұшқан тарлан тұлғалардың еңбегі дәріптеліп, «Күй ордасы» атты арнайы жинақтың тұсауы кесілді. 75 жылдық тарихы бар өнер мектебінде оқушылардың музыкалық қабілетін шыңдаумен қатар, сурет өнерінің де қыр-сыры кәсіби түрде үйретіледі. Бұған көрме залына қойылған мың бояулы картиналар дәлел. Мұның барлығы қарапайым оқушылардың қолынан шыққан дүниелер. Авторына зер салып қарамасаңыз, атағы алысқа жайылған суретшінің еңбегі ме дерсің. Кешке келген көрермендер де жас таланттардың қаламынан туған дүниелерге таңданыс білдірді. Мерейтойлық көрмеге 300-ден астам картина қойылған. Әр сурет - бір әлем. Жас талапкерлер жансыз табиғатты түртіп қана қоймай, түрлі тақырыпты қаузағандары көрініп-ақ тұр. Бағамдасақ, бұл бай тарихы бар оқу ошағының олжалы дүниелерінің бір парасы ғана. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/